Ақтау әкімдігі медициналық қызметшіге пәтер беруден заңсыз түрде бас тартқан
Арызданушы - медицина жұмыскері Д. Алиева 2001 жылдан бері үй кезегінде тұр.
Өткен жылдың басында Д. Алиеваға әкімдіктің тұрғын үй комиссиясының №20 хаттамасы бойынша, жекешелендірілген баспанасының болуына байланысты пәтер берілмейтіндігі туралы жазбаша хабарлаған.
Сот барысында анықталғандай, талапкер кезекке тұру кезінде өзінің жекешелендірілген пәтерінің бар екендігін жасырмаған. Оның тұрып жатқан пәтері - 26 шаршы метрлік бір бөлмелі (тұрғын аумағы 14 метр), қазіргі таңда бұл жерде отбасының 4 мүшесі бірге тұрады.
«Пәтер 1995 жылы алынып, жекешелендірілген. Арызданушы ол туралы хабарлаған. Әкімдіктің тұрғын үй комиссиясы сілтеме жасаған ҚР «Тұрғын үй туралы» заңы 16.04.1997 жылы қабылданған. Осыған сәйкес, бұл заң қабылданбай тұрып, пәтерді жекешелендіру туралы жасалған келісім аталмыш заңның нормаларын қарастырмайды. Бұған қоса, Заңның 75-бабын ескерсек, талапкер тұрмыс жағдайын жақсарту және тұрғылықты жерін кеңейту мақсатында мемлекеттік тұрғын үй қорынан пәтер алуға құқылы. Сот №20 хаттамалық шешімді заңсыз деп тануға шешім шығарды. Сот шешімі заңды күшіне енді», - деп түсіндірді судья Мұқашев соттың шешімін.
Ақтау қалалық әкімдігінің тұрғын үй комиссиясының заңсыз хаттамалық шешімдері салдарынан тұрғын үй мәселесіне қатысты көптеген дау тууда. Осыған орай, Ақтау қалалық әкімдігі осындай жағдайларды ескере отырып, «Тұрғын үй саласындағы ережелердің бірыңғай қолданылуы» тақырыбында дөңгелек үстел өткізді. Шараға тек судьялар емес, сондай-ақ прокуратура, құқық қорғау органдары, адвокаттар алқасы және әкімдік қызметкерлері қатысты.