Ақтау-Астана рейсі техникалық ақауға байланысты кешіккен
16:13, 18 Тамыз 2023
АҚТАУ. ҚазАқпарат – Scat әуе компаниясының жолаушылары Ақтаудан Астанаға ұша алмай жатыр. Әуе компаниясы ұшақтың кешігу себебін әуе кемесіне қосымша техникалық қызмет көрсету қажеттігімен түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат Lada.kz-ке сілтеме жасап.
Scat әуе компаниясының ұшағы Ақтаудан Астанаға 18 тамыз таңғы сағат 6-да ұшуы тиіс еді.
Жолаушылардың айтуынша, әуе компаниясы оларға рейстің кешігетінін ескертпеген. Оған қоса, осы уақыт ішінде оларға рейстің кідіру себебін де ешкім түсіндірмеген. Олар әуежай қызметкерлерінен сұрап білген – кешігу себебі техникалық ақаумен байланысты болған.
«Ұшуға дайындық алдында қосымша техникалық қызмет көрсету қажет екені анықталды. Жолаушыларға күту кезінде барлық қажетті зат ұсынылды, соның ішінде тамақ та бар. Жолаушылардың қауіпсіздігі – әуе компаниясының басты әлеуеті», - деп түсіндірді Scat әуе компаниясынан.