Ақтау әуежайында есірткі жұтып алған екі шетел азаматы ұсталды
АСТАНА. KAZINFORM — 2024 жылғы 24 қаңтарда Ақтау қаласының халықаралық әуежайында ҰҚК Маңғыстау облысы бойынша департаментінің жедел қызметкерлері мен шекарашылар есірткі тасымалдады деген күдікпен екі шетелдік азаматты ұстады.
Фото: ҚР ҰҚК
Осы жолаушылардың іш қуысына рентгеноскопиялық зерттеу бөгде заттардың бар екенін көрсетті.
Арнайы медициналық тәсілдермен шетелдіктердің асқазандарынан апиын тобының есірткісінен тұратын 295 контейнер шығарылды.
Фото: ҚР ҰҚК
Алынған заттардың жалпы салмағы 2 кг-дан асады.
Сот шешімімен фигуранттарға қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды.
Қылмыстық кодекстің 286-бабы 4-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде.
Өзге ақпарат ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабы 1-бөлігіне сәйкес жария етуге жатпайды.
ЕҰУ-да журналистика мамандығы бойынша бакалавриатты және магистратураны тәмамдаған. Стамбул мемлекеттік университетінде ғылыми тағылымдамадан өткен. «Qazaqstan» ұлттық телеарнасында, "Астана ақшамы" газетінде тілші болған. 2014 жылдан бері Kazinform ХАА-да шығарушы редактор қызметін атқарып келеді.