Ақтау әуежайында жолаушылар рейсті 20 сағат күтуге мәжбүр болды
АҚТАУ. KAZINFORM – Жолаушылар Ақтау-Алматы бағыты бойынша ұшпақ болған. Алайда 6 шілде күні сағат 02:05-ке жоспарланған рейс бірнеше рет кешіктірілген. Жолаушылар наразылықтарын әлеуметтік желіде білдірді.
Ал, FlyArystan әуе компаниясының хабарлауынша, рейстің кейінге шегерілуіне ұшақтың кешігуі себеп болған.
- Ақтау – Алматы бағытындағы бастапқыда 02:05-ке жоспарланған FS 7178 рейсі ұшақтың кеш келуіне байланысты алдымен жергілікті уақыт бойынша сағат 06:45-ке шегерілген. Жолаушыларға сусындар мен ыстық тамақ ұсынылды. Кейін өндірістік қажеттілікке байланысты ұшу уақыты 22:30-ға ауыстырылды, - делінген хабарламада.
Әуе компаниясы жолаушыларға қолданыстағы ережелерге сәйкес барлық жағдай жасалғанын, басқа рейстерге тегін брондау немесе билет құнын толық қайтару мүмкіндігі барын жеткізген.
- Әуе компаниясын жүгінген (23 адам) жолаушылардың сұрауы бойынша олар қонақүйлерге орналастырылды. Бұл процесс таңғы 9:30-дан бастап кезең-кезеңімен жүргізілді. Өйткені қонақтардың стандартты шығу уақытынан кейін нөмірлерді дайындау үшін қонақүйге уақыт қажет болды (чекаут 9:00-дан), - делінген компания таратқан хабарламада.
FlyArystan әуе компаниясының хабарлауынша, қазіргі уақытта Ақтау әуежайында рейсті күтіп отырған жолаушылар жоқ.
Бұған дейін, Ақтауда мүгедектерді қайыр сұрауға мәжбүрлеген отбасы мүшелері сотталғаны туралы жазған болатынбыз