Ақтау әуежайы күндізгі рейстерді қабылдауды тоқтатады

АҚТАУ. ҚазАқпарат - Ақтау халықаралық әуежайы ұшу-қону жолағындағы жоспарлы жөндеу жұмыстарына байланысты әуе кемелерін күндізгі уақытта қабылдауды уақытша тоқтатады.

Бұл жайлы Ақтау әуе айлағының директоры Ерғазы Жолдасов мәлім етті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Ақтау әуежайы директорының айтуынша, 4, 6, 11 және 13 қазан күндері сағат 8.00-ден 20.00-ге дейін әуе айлағы кез келген бағыттағы әуе рейстерін қабылдамайды және жөнелтпейді.

Қазіргі уақытта аталған әуежай Қазақстан Республикасында тасымалдау көлемі бойынша Алматы және Астана әуежайларынан кейінгі үшінші орынға ие. Әуежай 8 ішкі және 16 халықаралық бағыттар бойынша қазақстандық және шетелдік компанияларға қызмет көрсетеді. Ақтаудан Мәскеу арқылы Ыстанбұл, Баку, Киев және басқа да әлемнің кез келген нүктесіне жетуге болады.