Ақтау әуежайында жүк тиеуші жолаушылардың сөмкесінен алтын бұйымдар ұрлаған

АҚТАУ. ҚазАқпарат - Көлік полициясы құны 1 млн теңгеге жуық алтын бұйымдарды ұрлаған Ақтау әуежайының жүк тиеушісін ұстады, деп хабарлайды Polisia.kz.

Әуежайдың жүк тиеушісінің заңсыз әрекеттерінен «Ақтау – Анталия» және «Ақтау – Алматы» рейстерінің екі жолаушысы зардап шеккен.

Маңғыстау станциясындағы желілік полиция бөліміне «Ақтау – Анталия» бағытындағы әуе рейсінің 41 жастағы жолаушысы жүгінде болған алтын бұйымдардың (екі неке сақинасы, екі сырға, білезік, алқа) ұрланғанын айтып шағымданды.

Оның айтуынша, осыған ұқсас өтініш көлік полициясына Алматы қаласының 42 жастағы тұрғынынан да келіп түскен.

Ол «Ақтау – Алматы» бағытындағы әуе рейсімен үйіне ұшып келгеннен кейін жүгіне салынған алтын бұйымдардың (гауһар тастары бар сары және ақ алтыннан жасалған сырға-сақиналар) жоғалғанын анықтаған.

Жәбірленушілерге келген залал сомасы 930 мың теңгені құрады.

– Жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында көлік сақшылары әуежайдың 30 жастағы жүк тиеушісін анықтап, ұстады. Күдіктінің Маңғыстау облысының тұрғыны екені белгілі болды. Ол өз кінәсін мойындады. Заттай дәлелдемелер тәркіленіп, иелеріне қайтарылды. Тергеу жүргізілуде, – деді Көліктегі полиция департаментінің бастығы Оңал Бекеев.



Фото: polisia.kz/