«Ақтау электр желілері басқармасының» ұжымы маңғыстаулықтарды вакцина алуға шақырды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «Ақтау электр желілері басқармасы» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының ұжымы маңғыстаулықтарды коронавирусқа қарсы вакцина алуға шақырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Коммуналды мекеме мамандары өз орталарында инфекцияға қарсы ұжымдық иммунитет қалыптастыру үшін жаппай екпе алған көрінеді.

Өздері бұл әрекеті бір жағынан ұжымда эпидемиологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етсе, екінші жағынан үйдегі жақындарын індеттен қорғауға мүмкіндік береді деп есептейді.

Желіде аталған ұжымның маңғыстаулықтарды вакцина алуға үндеген видеосы тарады.

«Құрметті маңғыстаулықтар! Біз – «АУЭС» мекемесінің ұжымы «Ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын ізде» дегендей, қазіргі таңда күннен-күнге күшейіп жатқан індетке қарсы ұжымдық иммунитетімізді көтеру үшін және де отбасымыздың амандығы үшін вакцина алдық. Арандаушылыққа берілмей, баршаңызды вакцина салу шақырамыз», - делінген видеода.

Еске салсақ, Маңғыстау облысында 7 шілдеден бері карантин шектеулері күшейтілген болатын.

Өткен тәуліктің қорытындысы бойынша, Қазақстанда 4 134 139 адам коронавирусқа қарсы вакцинаның I компонентін салдырған.

Ал вакцинация ең қарқын жүріп жатқан өңірлердің бірі – Алматы қаласында өткен бір тәулікте 10 мыңға жуық адам екпе алды.