Ақтау халықаралық әуежайы ірі әуе кемелерін қабылдайтын болады ? Премьер-Министрдің жұмыс сапары
20:09, 24 Қаңтар 2009
АҚТАУ. Қаңтардың 24-і. ҚазАқпарат /Жетібай Шаханұлы/ Ақтау әуежайының бұрын ұшақтар қозғалысына тарлық етіп келген ұшу-қону жолағы табаны бетондалып,
ұзындығы 3050 метрге, ені 60 метрге кеңейтілуде. Құрылыс жұмыстары толықтай аяқталған соң мұнда ?Бойнг?, ?Руслан?, ИЛ-62, ИЛ-86 сияқты бір мезгілде он төрт алып әуе кемесін қабылдауға мүмкіндік туады. Бұл туралы бүгін Маңғыстау облысына жұмыс сапарымен келген Үкімет басшысы Кәрім Мәсімовке нысанның құрылысын жүргізіп жатқан «Түркуаз Инвест» ЖШС президенті Зеки Пилге айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. «Құрылыс материалдарын өзіміз құрылыс нысанының басында өндіру үшін асфальтбетон зауытын салдық. Жол жасау техникаларын сатып алдық. 105 мың тонна көлемінде ұсатылған тас сатып алдық. Бүгінде асфальтбетон жабынының тегістейтін қабатын төсеу жұмыстары аяқталды. Оған 20 мың тонна құрылыс материалы жұмсалды. Жолақты екі ұшынан да 200 метрге ұзартатын жерінің топырағын қазу жұмыстары бітіп тұр. САТ-1 жүйесіндегі жарықпен белгі беру желісінің кабельдері тартылған. Жұмыстар жоба бойынша бітетін болса, Ақтау аэропорты Қазақстан бойынша Алматы, Астанадан кейінгі орында болады», - деді Зеки Пилге. Келісім-шарты аясында жүзеге асып жатқан жобаға 5 млрд. 687 млн. теңге инвестиция қарастырылған. Бүгінде оның 705 миллионы игерілген. Перрон аумағы да 60 метрге дейін кеңейтіліп, ұшаққа баратын жаңа жол салынады, ұшақтардың қонуына арналған заманауи навигациялық және бірінші дәрежелі жарық дабылы бар құралдармен қайта жабдықталатын болады. Жоба бойынша жолаушылар терминалын наурыз айында, ал ұшып-қону жолын маусым айының аяғында пайдалануға беру көзделіп отыр.