Ақтау халықаралық әуежайында жалпы құны 47 млн. АҚШ долларын құрайтын ұшу-қону жолақтарын қайта құру бойынша жұмыстар жүргізілуде

АСТАНА. 27 қазан. ҚазАқпарат - Ақтау халықаралық әуежайын қайта құру жұмыстарының екінші кезеңі жүзеге асырылуда. Стратегиялық әуе желісін жаңғырту жолаушыларға қызмет көрсету деңгейін халықаралық стандарттарға көтеруге және ұшу қауіпсіздігінің жоғарғы деңгейін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Ақтау халықаралық әуежайында жалпы құны 47 млн. АҚШ долларын құрайтын ұшу-қону жолақтарын қайта құру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Инвестициялық жоба Қазақстанның Даму банкінің 36,8 млн АҚШ доллары көлеміндегі қаржысымен жүзеге асырылуда. Ұшу-қону жолағын кеңейтіп, жаңғыртқаннан кейін әуежай модификациясы мен габариттеріне қарамастан барлық әуе кемелерін қабылдай алады.

2010 жылы Ақтау әуежайын қайта құру жобасының бірінші кезеңін жүзеге асыру аясында жаңартылған жолаушылар терминалы пайдалануға берілді. Терминалдың жаңа қызмет көрсету залдары жылына 3,5 миллион жолаушыны қабылдай алады. Стратегиялық маңызы бар инфрақұрылымдық жобаны концессия аясында өз қаражаты есебінен «ATM Grup» ЖШС жүзеге асырды. Терминалды іске қосқаннан бастап әуежайдың қызметкерлер саны 40 адамға көбейді.

Халықаралық әуежай Батыс Еуропаны Орталық және Оңтүстік-Шығыс Азиямен байланыстыратын әуе бағыттарының қиылысында орналасқан. Ақтау қаласының стратегиялық жағынан ыңғайлы орналасуы Парсы шығанағы елдерінен транзиттік жүк тасқынын қабылдайтын «Солтүстік-Оңтүстік» көлік дәлізіне қатысуға анағұрлым бәсекелі басымдылық береді.

Бүгінгі таңда Ақтау әуежайы Астана және Алматы қалаларынан кейін тасымал көлемі мен саны бойынша елімізде үшінші орында тұр. Әуежайда 90-нан астам отандық және шетелдік әуе компанияларға қызмет көрсетіледі.

ҚазАқпарат анықтамасы: Ақтау халықаралық әуежайы 1983 жылдан бері жұмыс істейді және азаматтық авиацияның әуе кемелерін қабылдау және шығару үшін жабдықталған. 2011 жылдың мамырында Ақтау әуежайы «ТМД елдері бойынша жылдың ең үздік әуежайы» байқауында аталым бойынша жеңімпаз атанған.