Ақтау қалалық сотының төрағасы ұсталған сәттің видеосы жарияланды

Фото: Фото: almaty.tv

АСТАНА. KAZINFORM – Сот төрағасы үкімді өзгертемін деген уәдемен ірі көлемде ақша алған. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс қимыл агенттігі хабарлайды. 

«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі ҚР ҚПК 550-бабына сәйкес Бас прокурормен келісілген сотқа дейінгі тергеу шеңберінде Маңғыстау облысының қылмыстық істер жөніндегі Ақтау қалалық сотының төрағасын ұстады», - делінген хабарламада.

Ақпаратта айтылғандай, сот төрағасы Ақтау қаласының тұрғыны арқылы сотталушыдан оған қатысты бас бостандығынан айырудан басқа жазаға үкім шығару сылтауымен 18 млн теңге көлемінде ақшалай қаражат алған.

«Жоғарыда аталған қылмысқа қатысушы қамауға алынып, Ақтау қаласының тергеу изоляторына қамалды. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды», - дейді агенттіктен.

Бұған дейін Ақтау қалалық сотының төрағасының тергеуге алынған туралы хабарлаған едік.