Ақтау қаласындағы автожолдарға жаңа жолақтар қосылды
АҚТАУ. KAZINFORM — Ақтау қаласының 12 көшесінде автожолдарға оңға бұрылу жолағы қосымша салынды.
- Қалада көлік кептелісінің алдын алу мақсатында өткен жылы 7 жерде кедергісіз оңға бұрылу жолақтары ұйымдастырылған болатын. Биыл бұл бағыттағы жұмыстар жалғасып, тағы 4 автомобиль жолы қиылысына 5 қосымша оңға бұрылу жолағын салынды, - деді қала әкімі Әбілқайыр Байпақов тұрғындармен есептік кездесуінде.
Сондай-ақ 9 772 шаршы метр автомобиль жолдарындағы жолақтар суық пластикпен және 1500 шаршы метр жол таңбасы термопластикпен жаңартылып, 18 719 м2 шұңқырлы жол жөндеу жұмыстары жүргізілді. 16 қиылысқа бағдаршам орнатылып, олар кезең-кезеңімен қосылып жатыр. Қоғамдық көлік инфрақұрылымын жақсарту және тұрғындарға жайлы орта қалыптастыру мақсатында 100 аялдама орнатылған.
- Жаңадан орнатылған аялдамалар жарықтандыру жүйесі және қоқыс жәшіктерімен қамтылған. Сонымен қатар Ақтау қаласында қоғамдық көлік инфрақұрылымын жаңарту жұмыстары аясында биыл автобус паркі 100%-ға жаңартылды, - деді әкім.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Маңғыстау атом энергетикалық комбинатының каналы арқылы жеткізілетін су мөлшерінің азаюына байланысты 2026 жылы Каспий теңізін тереңдету жұмыстары басталмақ.