Ақтау қаласында ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің Қауіпсіздік органдары мен арнайы қызметтері басшылары кеңесінің 27-ші мәжілісі болып өтті

АСТАНА. Қыркүйектің 24-і. ҚазАқпарат - 2009 жылғы қыркүйектің 23-25-і күндері Ақтау қаласында ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің Қауіпсіздік органдары мен арнайы қызметтері басшылары кеңесінің 27-ші мәжілісі болып өтті,

деп хабарлайды ҚР ҰҚК баспасөз қызметі.

Мәжіліс жұмысын Қазақстан Республикасы ҰҚК басшысы, генерал-лейтенант Амангелді Шабдарбаев ашты. Форумға қатысушылар өзара сенім білдіру жағдайында басым бағыттар - лаңкестік мен экстремизмге, ұйымдасқан қылмысқа және есірткі саудасына қарсы күреспен қатар қауіпсіздік органдары мен арнайы қызметтердің қазіргі заманғы қатерлерге қарсы тұру бойынша ақпараттық және практикалық өзара іс-қимылдарының тиімділігін арттырудың кең ауқымды өзекті мәселелерін талқылады. Оларды іске асыру жөнінде тиісті шешімдер мен нақты шаралар әзірленді.

Мәжілісте күн тәртібінің 20-дан астам маңызды мәселелері, соның ішінде арнайы қызметтердің лаңкестікке және экстремизмнің өзге де күш көрсету көріністеріне ақпараттық қарсы тұру саласындағы ынтымақтастық тұжырымдамасының жаңа редакциясы шеңберінде ТМД-ға қатысушы мемлекеттер Лаңкестікке қарсы орталығының қызметін жетілдіру бойынша, сондай-ақ Кеңестің бірқатар мемлекетаралық бағдарламаларды орындау барысы туралы қаралды.

ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің Қауіпсіздік органдары мен арнайы қызметтері басшылары кеңесі 1997 жылғы наурыздың 28-інде Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы мемлекеттері басшылары кеңесінің шешімімен құрылды. Осы Шешіммен ол туралы Ереже бекітілді.

Оның  негізгі міндеті - халықаралық сипаттағы ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес саласында және арнайы қызметтердің басқа да келісілген салаларында тиімді өзара іс-қимылды қамтамасыз ету болып табылады. Кеңес халықаралық лаңкестікке қарсы бірлескен іс-қимыл саласында бірқатар өте маңызды құжаттар әзірледі. Кеңес шеңберінде арнайы қызметтер іс-қимылының бағыттары жөніндегі комиссиялардың жұмысы ұйымдастырылды.