Ақтау қаласының әкімі есеп беруін бастады
20:16, 21 Қаңтар 2009
АҚТАУ. Қаңтардың 21-і. ҚазАқпарат /Жетібай Шаханұлы/ - Ақтау қаласының әкімі Сәлімгерей Бақбергенов қала тұрғындары алдында өткен жылғы атқарған жұмыстарына есеп беруін бастады. Алғашқы кездесуін 29-шы шағын аудан тұрғындарымен өткізген әкім 2009 жылғы жоспарларға баса назар аударды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. «Қаламызда білім беру және денсаулық сақтау, коммуналдық инфрақұрылымдармен қамту нысандарының құрылысы жүруде. Соның ішінде сіздердің шағын аудандарыңыздағы «Толқын-2» тұрғын үй ауданын газдандыру желісі құрылысын аяқтау мақсатында жергілікті бюджеттен 11 млн. теңге қарастырылып отыр. Сондай-ақ тозығы жетіп тұрған магистральды су құбырларын жаңадан салу жұмыстары жалғасуда. Биыл техникалық және ауызсу құбырын тартуға 205 млн. теңге бөлінген. Қаланың бүгінгі электр желілерін жаңарту жұмыстарына 75,6 миллион теңге жұмсау жоспарланып отыр», - деді қала әкімі. 29-шы шағын аудан 80-ші жылдардың аяғында салына бастап, Кеңес одағының ыдырауымен құрылыстары тоқтап қалған шеткі аудан болғандықтан, оның жер телімдері жекеменшікке беріліп, кейінгі он бес жылда мұнда коттедж-ауылдар бой көтерген болатын. Соңғы жылдары салынған муниципалдық үйлер де осы ауданда тұрғызылып, бюджет, мәдениет, спорт салаларының қызметкерлері сол үйлерден пәтерлі болды. Былтыр мұнда №28 үй пайдалануға берілді.