Ақтау колониясынан қашқандарды ұстау операциясына қатысқан қатардағы жауынгер Ербол Отарбаев ІІІ дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталды
Ербол жауынгерлік борышын атқару кезінде көрсеткен ерлігі үшін осынау наградаға лайық деп танылды.
Қазір Ербол өзінің туған жерінде - Шымкенттегі ІІМ Ішкі әскерінің №6506 әскери бөлімінде қызмет етеді. «Ерболдың біздің бөлімде қызмет ететіндігіне қуаныштымыз, бұл біз үшін үлкен құрмет. Ол жас сарбаздармен жұмыс істейтін болады. Ербол әрбір сарбазға үлгі болатындығына сенімдіміз. Батырлар батырларды тәрбиелеуі керек»,- дейді бөлімнің командирі міндетін атқарушы, штаб бастығы полковник Марлен Аппазов.
Өткен жылдың маусым айында қатардағы жауынгер Отарбаев Ішкі әскердің Ақтауда орналасқан №6656 әскери бөлімінде жедел қызметтен өтіп жатқан. Ол қатаң режімдегі Ақтау колониясынан қашпақ болған қылмыскерлер тобының жолын кесті. Операция барысында жараланған Ербол Астанадағы әскери госпитальде жатып шықты, оған үш операция жасалды. Сол оқиғадан жарты жылдан кейін қатардағы жауынгер Отарбаев ІІІ дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталды.
«Өткен жылдың желтоқсан айында менің әскердегі қызметімнің мерзімі аяқталды. Бірақ мен армиядан кетпейтін болып шештім. Туған жеріме - Оңтүстік Қазақстан облысына оралған соң, Ішкі әскердің шұғыл мақсаттағы №6506 бригадасының құрамында келісімшарт бойынша қызметімді жалғастырғым келді», - дейді Ербол Отарбаев.
Естеріңізге сала кетейік, 2010 жылы 22 маусымда таңғы сағат 5-терде бір топ қылмыскер ГП-172/1 түзету мекемесінен қашты. Жарық сөндіріліп қалған сәтте қараңғылықты пайдаланған тұтқындар, ішкі әскер сарбаздарының күзетіндегі колонияның шеткі қоршауына дейін жетеді. Күзетте тұрған Ербол оларға қарсы оқ атады, өзі иығынан жараланады. Қашқындардың дуалдың сыртында тұрған сыбайластары да сақшының көзін жоймақ болып, оқ жаудырады, жауынгер Отарбаев тағы бірнеше оқ атып, үш қашқынның көзін жояды. Сыртта тұрған сыбайластардың көлігіне қашқындардың бірнешеуінің аяғы ілінеді де, өзгелері жақын маңдағы салынып жатқан құрылыс нысанына жетіп жасырынады. Ал жедел ізге түскен топ колониядан 200 метрдей жерге қашып үлгерген тағы бір тұтқынды жаралайды. Кейіннен оқиға орнына жеткен «Арлан» арнайы жасағы әлгі нысанды шабуылдайды. Шабуылдың нәтижесінде үш қашқынның көзі жойылады, біреуі тірідей қолға түседі.