«Қара жәшікті» оқуға неше күн кетеді - авиация инженерінің жауабы

Фото: Фото: @caa_kaz

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанның Құрметті авиаторы, авиация инженері Ерғазы Жолдасов Ақтаудан 3 шақырым жерде құлаған Embraer ұшағының «қара жәшігін» Бразилияның CENIPA орталығына тапсыру туралы шешіміне қатысты пікір білдірді.

— «Қара жәшікті» оқу өте маңызды. Өйткені, апатқа байланысты көпті толғандырған барлық сұраққа нақты жауапты сол жерден ғана табуға болады. Қара жәшіктің маңызы да, ұшақтағы қызметі де сол. Оны нақты пысықтап, комиссия мүшелері бірігіп ашып, тыңдауы керек. «Қара жәшікті» ашқан кезде осы апатқа қатысы бар елдердің бәрінің өкілдері, ICAO өкілдері қатысқаны жөн. «Қара жәшік бұзылмаса, сынбаса немесе жарылмаса ақпаратын оқу көпке созылмауы керек, бір айда шешілуі мүмкін. Бірақ қара жәшіктен мәлімет алған соң бір ангарға ұшақтың бөлшектерін жинастырып, моделін қайта құрастырады. Осы жұмыс біраз уақыт алуы мүмкін. Осыдан кейін ғана қорытынды шығарады, — дейді авиация инженері.

Сондай-ақ, ол жазбаларды оқитын тарап ретінде Бразилияның таңдалуы апатқа қатысы бар елдердің ортақ шешімі деп топшылайды.

— Бұл сұраққа мен ешқандай саяси астарды қарастырмай, авиация инженері ретінде ғана жауап бере аламын. «Қара жәшікті» Бразилия орталығында қарастыруы комиссия мүшелерінің ортақ шешімге келгені болуы керек. Бұл — Қазақстан тарапынан дұрыс шешім деп ойлаймын. Өйткені, ұшаққа сырттан болған қақтығыс нұсқасын қарастыратын болса, Бразилия — ұшақты құрастырушы мемлекет. Өзім Бразилиядағы орталықтың тәжірибелі екенін білгендіктен, әділетті зерттеу жүргізеді деп сенемін. Олар ұшақтың толығымен қалай жұмыс істегеніне объективті баға бере алады деп ойлаймын. Бұрмалап басқаша шешім шығару өздеріне кері әсерін тигізеді. Өйткені, «Қара жәшікті» оқитын институт Ресейде де бар, — дейді Ерғазы Жолдасов.

Еске сала кетейік, 25 желтоқсанда Ақтау маңында Azerbaijan Airlines ұшағы апатқа ұшырады. Ұшақ бортында 67 адам, оның ішінде бес экипаж мүшесі болған. Оқиға салдарынан 38 жолаушы қаза тапты. Өкінішке қарай, мерт болған жандардың арасында 6 Қазақстан азаматы болған.

ИКАО ұсынымдарын ескере және Әзербайжан мен Ресейдің авиациялық билік өкілдерімен кеңесе отырып, ҚР Көлік министрі Марат Қарабаев басқаратын авиациялық оқиғаны тергеу жөніндегі Комиссия борттық өздігінен жазғыштарды (қара жәшіктерді) Embraer әуе кемесін шығарушы Бразилияның авиациялық оқиғаларды тергеу және алдын алу орталығына (CENIPA) жіберу туралы шешім қабылдады.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, белгілі әскери сарапшы Амангелді Құрметұлы Ақтаудан 3 шақырым жерде құлаған Embraer ұшағының «қара жәшігін» Бразилияның CENIPA орталығына тапсыру туралы шешіміне қатысты пікір білдірді.