Ақтау маңындағы ұшақ апатынан аман қалған қырғызстандық комадан шықты

Фото: Фото: Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM – Ауруханадағы Қырғызстан азаматы комадан шығып, туысын таныды. Бұл туралы еліміздің Денсаулық сақтау министрлігі хабарлайды.

- Бүгінде Маңғыстау облыстық көпбейінді ауруханасында 6 пациент, оның төртеуі реанимация бөлімшесінде және екеуі травматологияда ем алып жатыр. Жағдайдың нашарлауы байқалмайды, 2 пациент тониктер мен медициналық седациядан алынды. Дұрыс таңдалған қарқынды терапияның арқасында қырғызстандық пациент травматикалық шоктан кейін есін жиып, туыстарын таныды және қазір отанына оралуға дайын. Қырғыз дәрігерлерінің әуе бортын күтіп отырмыз, - делінген хабарламада. 

Одан бөлек, Қырғызстанның тағы екі азаматын және Әзербайжаннан зардап шеккендерді ертең отанына арнайы борттармен эвакуациялау жоспарлануда. 

- Ақтау қаласындағы әуежай маңында жолаушылар ұшағының апатқа ұшырауы салдарынан зардап шеккен 29 адамның 27-сі Маңғыстау облыстық ауруханасына жеткізілді. Пациенттер әртүрлі жарақаттармен, яғни жабық ми жарақаты, мидың шайқалуы, кеуде қуысының жабық жарақаттары, травматикалық шок, - дейді ведомстводан. 

Апаттан аман қалған жандарға көмекке Маңғыстау облысының 22 жедел медициналық жәрдем бригадасы және апаттар медицинасы орталығының 6 бригадасы жұмылдырылды. 

Айта кестек, Әзербайжанның Денсаулық сақтау министрі Қазақстан дәрігерлеріне алғыс айтты.

Еске салайық, 25 желтоқсанда Ақтау маңында Azerbaijan Airlines ұшағы апатқа ұшырады

Ұшақ бортында 67 адам, оның ішінде бес экипаж мүшесі болған. Оқиға салдарынан 38 жолаушы қаза тапты. Өкінішке қарай, мерт болған жандардың арасында 6 Қазақстан азаматы бар.