Ақтау мектебінде мұғалімдер дәлізде жұмыс істеуге мәжбүр

АҚТАУ. ҚазАқпарат - Ақтауда Мұхтар Әуезов атындағы №20 мектепте оқу кабинеттерінің жетіспеушілігінен мұғалімдер дәлізде жұмыс істеуге мәжбүр, деп хабарлады ҚазАқпарат тілшісі.

1648 орынға есептелген мектепте 3300-ге жуық оқушы 3 ауысыммен білім алады. Жалпы Маңғыстау облысында мұндай 21 мектеп бар. Оқу кабинеттерінің жетіспеушілігінен мұғалімдер кез келген бұрышта отырып, қызметтік құжаттарды толтыруға мәжбүр. Кезінде қосалқы шаруашылық үшін қолданылған бөлмелер де қазір оқу кабинеттеріне айналған.

«Бізде қазір мұғалімдер бөлмесі жоқ. Шығармашылық жұмыстарымыз бар, дәптер тексеру деген сияқты үрдістерді дәліз бойында, босаған кабинеттерді қарап жүріп жасаймыз. Әрине, мұның барлығы қиыншылық келтіріп жатыр. Соған қарамастан жұмысымызды жалғастырып жатырмыз», - деді мектеп мұғалімі Раушан Абилова.

«Балалар шағынаудандармен бірге, елді мекендерден де келеді. Бізге жақын орналасқан Мұнайлы ауданынан да келіп оқып жатыр. Сондай-ақ Түпқараған ауданының Тельман және Ақшұқыр елді мекендерінен де келіп оқиды. Сонда 900-ге тарта бала сырттан келіп, білім алып жатыр», - деді мектеп директорының міндетін атқарушы Орынбасар Наурызбаев.

Мектеп 28-шағынауданда орналасқан. Оған іргелес жаңадан салынған ықшамаудандарда орта білім мекемесі жоқ. Сондықтан тұрғындар балаларын осында әкеледі.

Жауапты мамандар өңірде 2025 жылға дейін 20 мектеп салынса, мәселе біршама шешілетінін айтады.

«Қазірдің өзінде Ақтау қаласында 4 мектеп салынып жатыр. Мұнайлы ауданында әрқайсысы 1200 орындық 2 мектеп бой көтеруде. Сонымен қатар биыл Ақтау қаласында 1 мектеп ашылды. Жақын арада Мұнайлы ауданынан тағы бір жаңа мектеп пайдалануға беріледі», - деді Маңғыстау облыстық Білім басқармасы басшысының орынбасары Гүлмира Мамаева.

Айта кетейік, бүгінде Маңғыстау өңірінда 2 мектеп апатты жағдайда тұр. Бірі Жаңаөзенде, екіншісі Бейнеу ауданы Сам ауылында орналасқан.


Видеодан алынған кадр