АҚТАУ. KAZINFORM – Ақтауда 14 қазан күні таңда барлық шағын ауданды күйіктің иісі жайлап, тұрғындарды алаңдатты. Бірақ Маңғыстау облыстық төтенше жағдайлар департаментінің хабарлауынша, өңірде қандай да бір өрт оқиғасы тіркелмеген.
Ал Экология департаменті күйіктің иісі Атырау облысында жанып жатқан қамыстың салдарынан екенін, Ақтауға жел арқылы келгенін жеткізді.
Еске салайық, 7 қазанда Атырауда күйіктің иісі шыққан болатын. Сол кезде түтіннің Атыраудан Каспий теңізіне қарай 20 шақырым жерде болған өрттің салдарынан шыққаны анықталды. Атырау облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, 12 қазанда сағат 15:00-де алдын ала жану алаңы шамамен 60 гектар болған. Оның 55 гектар аумағында өрт сөндіріліп, қалған 5 гектар жерде өртті өшіру жұмыстары жалғасып жатыр.
Бұған дейін Атырау облысында 18 гектар аумақта қамыс пен қопа әлі бықсып жатқанын жазған болатынбыз.
Аягөз Ізбасарова
Ізбасарова Аягөз Оралбайқызы телевизия саласында 2003 жылдан бері жұмыс істейді. Еңбек жолын «Қазақстан» РТРК» АҚ Маңғыстау облыстық филиалы «Қазақстан-Ақтау» телеарнасында жүргізуші-редакторлықтан бастап, редактор, шеф-редактор қызметтерін атқарды. Соңғы 7 жылдан бері «Қазақстан» Ұлттық арнасының Маңғыстаудағы меншікті тілшісі. Ақпарат саласының үздігі. Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінде 2024 жылғы мамырдан бастап қызмет етеді.