АҚТАУ. KAZINFORM – Биылғы қаңтар айында Транскаспий халықаралық көлік бағытындағы Ақтау порты арқылы контейнерлерді ауыстырып тиеу 2 есе өскені белгілі болды.
«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ баспасөз қызметінің мәліметінше, 2024 жылғы қаңтарда Ақтау теңіз порты арқылы жүктерді ауыстырып тиеудің жалпы көлемі 360 мың тоннадан асқан.
«Бұл 2023 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 12,7 пайызға көп болды. Порт 3 мың тонна астық, 310 мың тонна мұнай мен мұнай өнімдерін ауыстырып тиеуді қамтамасыз ете алды. Теңіз айлағы 2,3 мыңнан астам контейнерді жиырма футтық эквивалентте өңдеді. Бұл көрсеткіш өткен қаңтарға қарағанда 30% көп», - деп жазылған компания таратқан ақпаратта.
Оның ішінде Транскаспий халықаралық көлік бағыты бойынша 2 мыңнан астам жиырма футтық эквивалентте бары белгілі болды. Бұл көрсеткіш өткен жылдың деңгейіне қарағанда 2 есеге көбейген.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).