Көлік министрлігінде вице-министр Жәнібек Тайжановтың төрағалығымен Ақтау порты акваториясын тереңдету жобасы бойынша кеңес өтті.
Кеңеске «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ, «Ақтау халықаралық теңіз сауда порты» ҰК» АҚ өкілдері, сондай-ақ мердігер ұйым — «China Harbour Engineering Company Ltd» компаниясының өкілдері қатысты.
Кездесу барысында жобаны іске асырудың өзекті мәселелері мен дайындық жұмыстарының барысы қаралды.
Мердігер ұйымның мәліметінше, қазір арнайы техникаларды жұмылдыру және топырақ үйінділері карталары бойынша құрылыс алаңын дайындау жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр.
— Кеңес қорытындысы бойынша теңіз түбін тереңдету жұмыстарын жеделдетуді және жобаны уақытылы іске асыру бойынша нақты тапсырмалар берілді. Жобаны жүзеге асыру Транскаспий халықаралық көлік бағытының өткізу қабілетін арттыруға және Қазақстанның теңіз логистикасының тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді, — делінген министрлік таратқан ақпаратта.
Осыған дейін Ақтау портының әлеуетін 3 есе арттыратын хаб салынып жатқанын жаздық.