Ақтау портында жүк тасымалдайтын 8 кеме салынады

АСТАНА. KAZINFORM — Ақтау портының контейнер өткізу қуатын жылына 240 мың ДФЭ-ге дейін арттыру жоспарланып отыр. Бұл үшін порт инфрақұрылымы жаңғыртылып, жаңа терминалдар салынады. Сонымен қатар Каспий теңізінде жүк тасымалдайтын сегіз кеме жасауға тапсырыс берілген.

Фото: Ағыбай Аяпбергенов/Kazinform

Бұл туралы ҚР көлік вице-министрі Жәнібек Тайжанов Астанада өтіп жатқан TransLogistica Kazakhstan 2026 халықаралық көрмесінде айтты.

Фото: Ағыбай Аяпбергенов/Kazinform

Қазір Ақтау портының контейнер өңдеу қуаты жылына 180 мың ДФЭ құрайды. Жаңғыртудың екінші кезеңі аяқталғаннан кейін бұл көрсеткіш 240 мың ДФЭ-ге дейін жетеді деп жоспарланып отыр.

Жәнібек Тайжановтың айтуынша, тапсырыс берілген сегіз кеменің төртеуі Бакуде, қалған төртеуі Қытайда салынып жатыр. Бұдан бөлек, халықаралық логистикалық компаниялармен бірлесіп, жаңа терминалдар салу жобалары қарастырылуда.

Фото: Ағыбай Аяпбергенов/Kazinform

— Шетелдік серіктестермен жаңа терминалдар салу жобаларын пысықтап жатырмыз. Бұл порттардың жүк қабылдау және өткізу мүмкіндігін одан әрі арттыруға бағытталған, — деді вице-министр.

Ақтау және Құрық порттары Қытайдан Еуропаға жүк жеткізетін Транскаспий халықаралық көлік дәлізінің маңызды бөлігі саналады. Бұл бағытта жүктер Қазақстан аумағымен теміржол арқылы тасымалданып, Каспий теңізі арқылы Әзербайжанға, одан әрі Еуропаға жеткізіледі. Порттардың өткізу қуатын арттыру халықаралық жүк ағынын қабылдау мүмкіндігін кеңейтуге ықпал етеді.

Фото: Ағыбай Аяпбергенов/Kazinform

Айта кетейік, TransLogistica Kazakhstan 2026 халықаралық көрмесі 14–16 қазан аралығында Астанадағы EXPO халықаралық көрме орталығында өтіп жатыр. Биыл оған 20 елден 230 компания қатысуда. Көрмеде көлік инфрақұрылымы, теміржол және теңіз тасымалы, қойма логистикасы мен жүк өңдеу технологиялары таныстырылып жатыр.