Ақтау портының әлеуетін 3 есе арттыратын хаб салынып жатыр

Фото: «Ақтау теңіз порты» АЭА

АСТАНА. KAZINFORM – «Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағында полипропилен қапшықтар мен қап шығаратын, құбыр өндіретін зауыттар жұмыс істеп тұр. Бұдан бөлек Ақтау халықаралық теңіз портының базасында ірі контейнерлік хаб салынып жатыр. 

Полипропилен қапшықтар мен қап шығаратын зауытты 2022 жылы WestEcoPlast кәсіпорны іске қосқан болатын.

– Зауыттың өндірістік қуаты жылына 6 млн қаптама шығаруға қауқарлы. Болашақта бұл көрсеткішті екі есеге дейін арттыруды жоспарлап отырмыз. Бұл өнімдер Маңғыстау облысы ғана емес, Батыс Қазақстан, Ақтөбе және Қызылорда облысының нарығына да шығады. Өндірісте 100-ге жуық жергілікті тұрғын төрт ауысыммен еңбек етіп жүр, - дейді зауыт директоры Кирилл Демченко.

Фото: «Ақтау теңіз порты» АЭА

«Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағында құбыр өндірісіндегі әлемдік көшбасшы саналатын Tenaris компаниялар тобының еншілес кәсіпорны да өндіріс ұйымдастырып отыр. Компанияның еншілес кәсіпорны 2016 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Биыл өз өнімдерін Өзбекстанға экспорттай бастады. 

Серіктестіктің бас директоры Андрей Пилипенконың айтуынша, зауытта 40-қа жуық жергілікті тұрғын жұмыс істейді. 

– Бұл – еліміздегі бірегей кәсіпорын. Зауыт премиум-классты сораптық-компрессорлық құбырларды майсыз жабындысымен шығарады. Аталған технология құбырларды пайдалану процесін жеңілдетіп, тапсырыс берушілердің жұмыс тиімділігін арттырады. Біз еліміздегі ірі мұнай-газ операторлары үшін сенімді серіктеске айналдық, - дейді ол. 

Фото: «Ақтау теңіз порты» АЭА

Компания жыл сайын Ақтау мен Жаңаөзен қалаларындағы білім беру саласын қолдауға арналған жобаларды жүзеге асырып келеді.

Ақтау халықаралық портының базасында заманауи контейнерлік хаб салынып жатқанын сөз басында айттық. Жобаны Қазақстан мен Қытайдың бірлескен компаниясы жүзеге асырып жатыр. Компания бас директорының коммерция жөніндегі орынбасары Қайрат Қалиолланың сөзінше, құрылыстың бірінші кезеңі 2026 жылдың басында аяқталуы керек.

Фото: «Ақтау теңіз порты» АЭА

Қазір Ақтау порты жылына 70 мың контейнер өңдесе, хабтың арқасында теңіз арқылы тасымалданатын жүк көлемі 3 есеге жуық өспек. Өйткен жаңа хабта жабық және тоңазытқыш контейнерлерге арналған қоймалар болады. Бұл контейнердегі жүкті жылдам өңдеуге мүмкіндік береді. 

Фото: «Ақтау теңіз порты» АЭА

Бұған дейін Каспий теңізінің тартылуы — Ақтау халықаралық теңіз сауда портының жұмысына кері әсерін тигізе бастағанын жазған едік.