«12 тамызда Ақтау қаласында жоспарланған бесінші саммитте Каспий теңізінің құқықтық статусы туралы конвенцияға қол қойылады деп күтілуде. Бұл жайында 2017 жылдың желтоқсанында сыртқы істер министрлерінің соңғы кездесуінде уағдаластық жасалған еді. Жалпы, 25 жылдың ішінде осындай келіссөздер көп болды, яғни осы уақыт аралығында 4 саммит және министрлер деңгейінде барқатар кездесулер ұйымдастырылды. Бұдан бөлек, Каспий маңы мемлекеттерінің сыртқы істер министрлерінің орынбасарлары деңгейінде Каспий теңізінің құқықтық статусы туралы Конвенцияны әзірлеу жөніндегі Арнайы жұмыс тобының 51 отырысы өтті. Бұл өз кезегінде посткеңестік елдер мен Иран үшін маңызды оқиға деп білемін. Себебі ширек ғасырлық мерзімде қорытынды жасалып, Құқықтық статусы туралы Конвенция бекітілмек. Осы орайда теңіз түбін, судың айдынын бөлуге айрықша мән беріледі. Аталған құжатқа қол қою арқылы акваториялық теңіз шекарасы мәселесі шешіледі. Осыған дейін біз көршілермен территориялық шекара мәселесін шешкен болсақ, содан кейін Каспий бойынша шешілуі тиіс жағдайлар болған еді. Енді, Каспий аясында нақты құқықтық алаң қалыптасуда», - деді Санат Көшкінбаев.
Оның пайымынша, Қазақстан үшін осы оқиға маңызды, өйткені алдағы уақытта теңіз қайраңында мұнай-газ кен орындарын игеруге жаңа мүмкіндіктер ашылады.
«Екіншіден, көліктік тораптарға екпін қойылады, яғни Каспийдің транзиттік әлеуеті арқылы көршілес елдермен қарым-қатынас артады. Үшінші аспекті балық аулау мен экологияға негізделген. Бұл жерде ауқымды балық аулау аймағы бар екенін ескере отырып, осы орайда барлық бес мемлекет бірыңғай экологиялық стандарттардың болуын қалайды. Себебі өсімдіктер мен жануарлар әлемі үшін шекара деген түсінік болмағандықтан, біздің мақсат құрлықтың ортасындағы үлкен су қоймасын сақтап қалуға байланысты болып отыр. Сондықтан экологиялық стандарттар бойынша бес мемлекет бірыңғай ұстанымда болғаны жөн. Бұл экологиялық тұрғыда барлық елдерге алға қарай бірге қадам жасауға жол ашады. Құқықтық статус аясында осы тектес өзекті мәселелер шешіледі. Қорытындылай айтқанда, бұл маңызды кезең, сондай-ақ Қазақстан мен Каспий маңындағы өзге де елдер үшін сыртқы саяси жетістік», - деді сарапшы.
Фото:www.kisi.kz