Ақтау су құбыры желісінің тозуына байланысты судың 16 пайызы ысырап болып жатыр - Президент
АҚТАУ. KAZINFORM - Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Маңғыстау облысының әлеуметтік-экономикалық дамуы жөніндегі кеңес өтіп жатыр. Онда Президент аймақтағы су құбыры мен кәріз желісінің тозуын аса күрделі мәселе деп атады.
– Сарапшылар таза судың тағы бір көзі бар дейді. Бұл – Ақтөбе облысындағы Көкжиде жерасты сулары. Оны игеруге қатысты жобаны жан-жақты пысықтап, оның экономикалық тиімділігін зерттеу қажет,- деді Мемлекет басшысы.
Сондай-ақ Президент сарапшылардың Көкжиде, Айшуақ және Солтүстік Айшуақ жерасты суларынан Маңғыстау және Атырау облыстарының елді мекендеріне дейін су құбырын тартуды ұсынып отырғанын жеткізді.
Су құбырының ұзындығы шамамен 1400 шақырым болады, су өткізу мүмкіндігі – күніне 170 мың текше метр. Сол арқылы 1,2 миллион адамды таза ауыз сумен қамтамасыз етуге және оның көлемін арттыруға мүмкіндік туады. Ақтау қаласындағы су құбыры желісі әбден тозған, тозу көрсеткіші – 77 пайыз. Соның кесірінен судың 16 пайызы ысырап болып жатыр. Жалпы, аймақтағы су құбыры мен кәріз желісінің тозуы аса күрделі мәселе болып тұр.
- Мәселен, су құбыры Ақтауда жаңа айттым, 77 пайыз, Жаңаөзенде – 59 пайыз тозған. Кәріз желісі Ақтауда шамамен – 76 пайыз, Жаңаөзенде – 72 пайыз тозған. Бір сөзбен, нақты шаралар қолға алынуы керек. Ал шалғайда тұратын малшылардың өз бетімен құдық қазу туралы бастамасына келсек, бұл – жалпы құптарлық іс. Бұл жұмысқа 100 миллион теңге қажет деп отыр. Кемінде 50 малшы суға қол жеткізеді екен. Қолдауға болады деп ойлаймын. Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев әкіммен бірлесіп бұл мәселені пысықтауы керек, - деді Мемлекет басшысы.
Осыған дейін Мемлекет басшысы облыстағы басты міндеттің бірі — тұрғындарды таза ауыз сумен қамтамасыз ету екендігін айтты.