Контейнерлік тасымалдар әсіресе, Қытай халық республикасынан Еуропа елдеріне Транскаспий халықаралық көлік бағыты бойынша 2 есеге өскен. Жүк тасымалдаушылардың басым бөлігі тауарларын Транскаспий халықаралық көлік бағыты бойынша қайта бағыттаған.
– Яғни, қазіргі таңда аталған бағыттың әлеуеті жоғары. Басты артықшылықтары – жүктерді жеткізу мерзімі мен оның Суэц каналына қарағанда жүріп өтетін жолының қауіпсіздігінде, - дейді теңіз портының бас диспетчері Вадим Новиков.
Жалпы биыл портта жыл басынан бері 15,8 мыңнан астам жиырма футтық эквивалент контейнер тиелген. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 50 пайызға артық. Контейнерлердің басым бөлігі Транскаспий халықаралық көлік бағыты бойынша тасымалданды.
Ақтау теңіз портында контейнерлік жүктерді ауыстырып тиеуді одан әрі дамыту үшін, тамыз айында бірқатар заманауи техникалар іске қосылады. Олар жалпы және үйінді жүктерге арналған жүк көтергіштер мен порталдық крандар.