Ақтау түбіндегі ұшақ апатының алдын ала себептері неге уәделі уақытында жарияланған жоқ

Фото: t.me/qr_tjm

АСТАНА. KAZINFORM – Көлік министрі Марат Қарабаев Үкімет отырысынан кейін өткен баспасөз мәслихатында Ақтау түбіндегі ұшақ апатының алдын ала себептері неге уәде етілген мерзімде жарияланбай жатқанын түсіндірді.

- Мамандар тыңғылықты жұмыс істеп жатыр. Оған халықаралық мамандар, Әзербайжаннан, Ресей Федерациясынан, Бразилиядан, ICAO-дан тартылғанын айтқан едік. Бәрі бірге жұмыс істеп жатыр. Аяқтау кезеңінде сатысында деуге болады. Алдын ала қорытындысы жақын күндері біздің ресми сайтымызда жарияланады деп ойлаймын, - деді Марат Қарабаев.

Министр ол ақпарат нақты қай күні жарияланатынын айтпады. 

- Мамандарға уақыт керек. Бұл өте нәзік, асқан төзімді қажет ететін жұмыс. Ресми ақпарат шыққанша бүге-шігесін ашып айта алмаймыз. Бірақ мен жақын күндері жариялаймыз деп уәде беремін. Мен танысып шықтым, комиссия менің басшылығыммен күнделікті жұмыс істеп жатыр. Аяқтауға жақын қалды, - деді министр. 

Еске салсақ, осыдан күн бұрын Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев Ақтау түбіндегі ұшақ апатының алдын ала себептері келесі аптада айтылатынын мәлім еткен еді.