Ақтау тұрғындары қыс ішінде мектепте басталған жөндеу жұмыстарына наразы

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ақтау тұрғындары мен оқушылардың ата-аналары қыс ішінде №2-мектеп шатырының жөнделе басталғанына таңғалуда.

Азаматтар далада жаңбыр аралас қар жауып тұрған шақта мектеп шатырының алынып жатқанына алаңдаулы, деп жазды tumba.kz.

Мектеп директоры Әлия Нұрымбаеваның айтуынша, шатыр кеңес уақытынан бері жөнделмеген. Шатырдан су кете бастаған. «2010 жылы ғимарат жөнделген, бірақ ол кезде шатыр қарастырылмаған. Мәслихат жөндеу жұмыстарына 19 миллион теңгені қараша айының соңында бөлді. «Құрылыс Маңғыстау» компаниясы жұмыстарды 12 миллионға жасап беруге келісті. Жұмыс 25 желтоқсанда басталды, қысқы каникул бойы жалғасады. Қазір қар жауып, жұмыс тоқтап тұр», - деді ол.

Аяқ астынан басталған жұмысқа алаңдаушылық білдірген тұрғындарға мердігерлік ұйым директоры Ж. Сейілхан жауап берді. «Бюджеттен ақша енді түсті, сосын жұмысқа кірісіп кеттік. Жаңа жылдан бастап жаңа бюджет жоспарланады, сондықтан жұмысты бастауымыз қажет. Жұмыскерлердің 7-10 жылдық тәжірибесі бар. Олар қауіпсіздік шараларын сақтайтын болады», - деді ол.

Оның айтуынша, жауын-шашын жұмыс сапасына кері әсер етпейді. Жұмыс бір айға жоспарланған.

Алайда, суреттерден шатырдың бөлшектеліп емес, толығымен алынып тасталғанын көруге болады. Әрі ауа райына қарамастан жұмыстар жүріп жатыр. Ақтау тұрғындарының пікірінше, қауіпсіздік техникасы сақталмаған әрі шифер бөлшектері төмен қарай, балалардың басына түсуі мүмкін. Құрылысшылар да биіктікте сақтандырусыз еңбек етуде. Шатыр жабындысы түгел дерлік алынған, қар жауып тұр. Ғимарат дымданып, жөндеу жұмыстарына қосымша қаражат бөлуге, ал оқушыларға дымқыл сыныпта білім алуға тура келеді.