Ақтау тұрғындары скринингтік тексеруден өтіп жатыр

АҚТАУ. 19 наурыз. ҚазАқпарат  - Ақтау тұрғындарын скринингтік тексеруден өткізу жүріп жатыр. Бұл туралы №1 Ақтау қалалық емханасының бас дәрігері Орынша Жұмалиева хабарлады.

Ақтау қаласында медициналық қызмет көрсету сапасы мен оның қолжетімділігі қанағаттанарлық жағдайда  дамып келеді. 2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» бағдарламасы аясында жасалып жатқан іс-шаралардың бірі - халықтың нысаналы топтарын скринингтік тексеруден өткізу.  Бұл жұмыстар қазіргі уақытта №1 Ақтау қалалық емханасында кешенді түрде жүргізіліп жатыр.

Скринингтік тексеру дегеніміз - бұл ауруларды ерте сатыда анықтауға және аурулардың дамуын, қауіп факторларын, қосалқы аурулардың туындауын болдырмауға және халық денсаулығын нығайтуға арналған медициналық тексеру.

«Біз бұл тексеруді жыл сайын жүргізіп отырамыз. Биыл қала бойынша  скринингтік тексеруден өтетін 91614 адамды тіркеп отырмыз. Олардың барлығы қан айналым жүйесі бойынша, артериялық гипертония, ишемиялық жүрек ауруы, қант диабеті, әйелдер арасында сүт бездерінің ісікалды, қатерлі ісік аурулары, глаукома, әйелдердің жатыр мойын ісігі, тоқ және тік ішектің қатерлі ісіктері сияқты аурулар бойынша ересектер арасында медициналық тексерулер жүреді.  Мұнда айта кететін жайт - скринингтік тексеруден халықтың қатерлі топ тізімінде тұрғандар  емес, дені сау әйелдер мен ерлер өтеді. Өйткені бұл шараның мақсаты - осы ауру түрлерін ерте анықтау және алдын алуға бағытталған. Аталған ауру түрлерімен ауыратын адам ерте емделсе, тез жазылуға мүмкіндігі мол. Сондай-ақ, балаларды скринингтік тексерулер әртүрлі жас кезеңінде, оның ішінде жасөспірімдік кезеңде анатомиялық-физиологиялық даму ерекшеліктеріне байланысты ауруларды ерте анықтауға және дамуының алдын алу үшін жүргізіледі», - дейді О.Жұмалиева. 

Сондай-ақ, 2008-2016 жылдарға арналған халықты сауықтыру, орташа өмір сүру жасын ұзартуды көздейтін еліміздегі  «Салауатты өмір салты» бағдарламасының басты міндеттерінің бірі - темекі шегушіліктің алдын алу және тоқтату бойынша қалалық емханада арнайы кабинет ашылды.  Бағдарламаға сай, темекі шегуден арылу жолдары жайында кеңес беретін психологтар дайындалған. Профилактикалық медициналық тексеруден өткен әрбір темекі шегуші әйел не еркек сол кабинетке жіберіледі. Темекіні өз еркімен тастағысы келетін, бірақ ерік-күші жетпейтіндер болады. Сол адамдарды арнайы есепке қойып, ай сайын тексеруден өткізіп, психолог пен медбикенің көмегімен тиісті шаралар жасалады.