Ақтау үкімін шығаруды сұраймын — экс-вице-министр Ерлан Қожағапанов
АСТАНА. KAZINFORM — Елорда соты бұрынғы Мәдениет және спорт вице-министрі Ерлан Қожағапановтың үстінен қозғалған қылмыстық іс бойынша апелляциялық шағымды қарауды жалғастырып жатыр.
Бүгін сот отырысында үш жылға бас бостандығынан айырылған экс-шенеуніктен жауап алынды.
Оның айтуынша, бұрынғы вице-министрге қатысты екі айыптау актісі дайындалды, біріншісі желтоқсан айында, екіншісі сәуірде. Алайда екінші құжаттан қатаң тұжырым алынып тасталған.
— Прокурорлар менің әрекетімнен баю мақсатындағы қылмыстық ниет болмағанын байқаған шығар деп ойлаймын, — деді Ерлан Қожағапанов сот алдында.
Сондай-ақ ол қылмыстық іс материалында ұсынылған айғақтардың жиынтығы оның кінәсін растамайтынын, ал әрекеті сол кезде атқарған қызметіне сәйкес болғанын және өкілеттігінен аспағанын айтып отыр.
— Апелляциялық алқадан 2025 жылғы 19 мамырда Астана қаласының ауданаралық қылмыстық соты шығарған маған және Ләззат Көккөзоваға қатысты заңсыз үкімді жоюды және біздің әрекетімізде қылмыс құрамының болмауына байланысты ақтау үкімін шығаруды сұраймын, — деп түйіндеді бұрынғы вице-министр.
Еске салайық, былтыр 1 наурызда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Мәдениет және спорт экс-вице-министрін ауыр жемқорлық қылмыс жасады деген күдік бойынша ұстады.
Антикордың ақпаратынша, ол 2018 жылы Петропавл қаласында Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының XV өңіраралық ынтымақтастық форумының көрмесін ұйымдастыру бойынша шарт жасасуды қолдаған.
Биыл мамырда бұрынғы вице-министр Ерлан Қожағапановға қатысты сот үкімі шықты.
Ал тамызда Ерлан Қожағапановтың үкіміне шағым түсірілді.