АҚТАУ. KAZINFORM — Маңғыстау облыстық табиғи монополияларды реттеу департаментінде «Каспий жылу, су арнасы» коммуналдық мекемесінің өтінімі бойынша бекітілген судың барлық түрінің, жылу энергиясының және кәріздің жаңа тарифтері белгілі болды.
Жаңа тарифтер 2025 жылдың 1 тамызынан бастап есептеледі. Өсім электр энергиясының қымбаттауымен байланысты.
— Тарату желілері арқылы ауыз су беру қызметтеріне тарифтер 1 шаршы метр үшін 147,19 теңгеден 149,18 теңгеге дейін, техникалық су — 1 шаршы метр үшін 65,92 теңгеден 65,96 теңгеге, ыстық су — 1 шаршы метрі 174,01 теңгеден 180,39 теңгеге өсті. Ал, жылу энергиясын беру және бөлу жөніндегі қызметтер 1 Гкал үшін — 1208,85 теңгеден 1249,89 теңгеге дейін өсті. Шығару және су бұру тарифі — текше метр үшін 85,67-ден 88,60 теңгеге қымбаттады, — делінген хабарламада.
Бұған дейін, Маңғыстауда экологиялық заң талаптарын бұзған 11 карьердің анықталғанын жазған болатынбыз.
Аягөз Ізбасарова
Ізбасарова Аягөз Оралбайқызы телевизия саласында 2003 жылдан бері жұмыс істейді. Еңбек жолын «Қазақстан» РТРК» АҚ Маңғыстау облыстық филиалы «Қазақстан-Ақтау» телеарнасында жүргізуші-редакторлықтан бастап, редактор, шеф-редактор қызметтерін атқарды. Соңғы 7 жылдан бері «Қазақстан» Ұлттық арнасының Маңғыстаудағы меншікті тілшісі. Ақпарат саласының үздігі. Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінде 2024 жылғы мамырдан бастап қызмет етеді.