Ақтауда 100-ден аса әскери теңізші 10 шақырымға жүгірді
ҚР Қарулы күштерінің 100-ден астам әскери теңізшісі Каспий теңізі жағалауында 10 шақырымды еңсерді, деп хабарлайды Kazinform.
ҚР Қарулы күштері әскери-теңіз күштері бас қолбасшысының орынбасары Жұмабек Хасеновтың айтуынша, іс-шара 2024 жылғы дайындықты бастау аясында және Президентті қолдау мақсатында жүзеге асырылған.
- 3 қаңтар күні Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбатында «Еліміздің тұтастығы және Отанымызды қорғау —ең үлкен мақсат» деген еді. Осы мақсат аясында туған еліміздің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және Президентіміздің тапсырмасын орындауға біз әрқашан дайынбыз. Әр жауынгер өз емтиханын тапсырды. Қаруды қалай меңгеру керек, теңізге қалай шығу қажет және теңіз десанттық операциялардың жүргізілу тәртібін көрді. Қазіргі таңда әскеріміз елімізді, жерімізді қорғауға дайын екеніне көз жеткіздік, - деді Жұмабек Хасенов.
Әскери теңізшілер тәртіп бойынша 50 минутта 10 шақырымды еңсеруі тиіс болған. 100-ден астам сарбаз «Самал» шағынаудан маңынан бастап тиісті шақырымды уақытында жүгіріп өтті. Коменданттық рота матросы - Руффат Мұратов Павлодар қаласынан келген. Әскерге егізі Ришад Мұратовпен бірге шақыртылған. Руффат бүгінде әскери қызметін ойдағыдай өтеп жатқанын айтады.
- Біз 2023 жылы әскери қызметке келдік. Әскери қызмет өте жақсы өтіп жатыр. Жаңа жеке дайындық курсынан өттік. Әдетте бұндай дайындықтар іште өткізіледі. Біз Бас Қолбасшы мен Қорғаныс министрінің кез-келген командасы мен бұйрығын орындауға дайынбыз, - дейді Руффат Мұратов.
2024 жылға әскери теңізшілер бірқатар іс-шараны өткізуді жоспарлап отыр.
- Шілде айында «Каспий маңында бірлестік-2024» атты оқу жаттығуы өтеді. Аталған оқу жаттығуға Ресей, Түркменстан, Әзербайжан, Өзбекстан, Қырғызстан елінің әскерлері келіп, Каспий маңын қорғау мақсатында бірлесіп оқу жаттығу өткіземіз, - деді Жұмабек Хасенов.