АҚТАУ. KAZINFORM — Ақтау қалалық әкімдігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, Маңғыстау өңірлік электртораптық компаниясында бүгін сағат 13:40–та 3Г қосалқы станциясында апаттық жағдай болып, электр қуаты ажыраған.
Соның салдарынан 12, 13, 14, 15, 16, 19, 26, 27, 28, 28А, 29 және 30-шағын аудандар уақытша жарықсыз қалды. Жабдықтың зақымдануы ауа райының ыстығына байланысты артық жүктеменің салдарынан болған.
— «МӨЭК» АҚ апаттық бригадасы қалпына келтіру жұмыстарын істеп жатыр. Мамандар электр энергиясын мүмкіндігінше тез арада қайта қосу үшін бар күшін салып жатыр. Жөндеу жұмыстарының алдын-ала аяқталу уақыты шамамен 21:00, — делінген хабарламада.
Бұған дейін, Маңғыстау облысы Қарақия ауданының Құрық ауылындағы жалпы білім беретін мектеп-гимназияның акт залының төбесі құлап қалғаны туралы жазған едік.
Аягөз Ізбасарова
Ізбасарова Аягөз Оралбайқызы телевизия саласында 2003 жылдан бері жұмыс істейді. Еңбек жолын «Қазақстан» РТРК» АҚ Маңғыстау облыстық филиалы «Қазақстан-Ақтау» телеарнасында жүргізуші-редакторлықтан бастап, редактор, шеф-редактор қызметтерін атқарды. Соңғы 7 жылдан бері «Қазақстан» Ұлттық арнасының Маңғыстаудағы меншікті тілшісі. Ақпарат саласының үздігі. Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінде 2024 жылғы мамырдан бастап қызмет етеді.