Ақтауда 18 жастағы жігіттен 182 синтетикалық есірткі жинағы тәркіленді

Фото: ҚазАқпарат

Ақтауда 18 жастағы бозбаладан 182 синтетикалық есірткі жинағы тәркіленді. Ол құны 10 млн теңгеден асатын есірткімен "Қарасора-2023" жедел алдын алу іс-шарасы кезінде ұсталды. Бұл туралы Маңғыстау облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім етті, деп хабарлайды Kazinform.

18 жастағы қала тұрғыны 7 қазан күні сағат 11:30-да 29 шағын ауданында ұсталған.

“Тінту жұмыстарын жүргізу кезінде 182 синтетикалық есірткі жинағы тәркіленді.

Тұрғылықты жері бойынша тінту барысында 30 синтетикалық есірткі мен 30 гашиш есірткі заты бар байлам табылды”, - делінген баспасөз мәліметінде.

Тәркіленген есірткінің жалпы салмағы 250 граммды құрайды.

Соттың санкциясымен күдікті 2 айға қамауға алынды.

Аталған дерек ҚР Қылмыстық кодексінің 296-бабы 4-бөлігі бойынша тіркелген.

Тергеу мүддесі үшін өзге ақпарат жария етілмейді.