Ақтауда 20 миллионыншы сәбилермен бір күнде 19 бала өмірге келді

Ақтау қаласында облыстық «Ана мен бала» перинаталдық орталығында еліміздің 20 миллионыншы тұрғыны атанған 19 сәбидің дүниеге келу құрметіне іс-шара өтті, деп хабарлайды Kazinform. 

Фото: Pixabay

14 қараша күні «Ана мен бала» перинаталдық орталығында дүниеге есігін ашқан сәбилердің 9-ы – қыз, 10-ы – ер бала.

«Елімізде туу көрсеткіші жоғары болғандықтан, халқымыз болжамды уақыттан ерте 20 миллион болды. Жыл басынан бері облыс бойынша 17 526 нәресте дүниеге келді. Бұл – біз үшін қуанышты жаңалық. Қазақстандықтардың көбеюіне аналардың қосып жатқан үлесі зор. Оларға тек денсаулық тілейміз. Дені сау ана – дені сау ұрпақ», - деді Маңғыстау облыстық «Ана мен бала» перинаталдық орталығының директоры Жапырақ Епенова.

Іс-шарада 19 анаға да құрмет көрсетілді. Құрмет көрсетілгендердің қатарында ақтаулық Әлия Мусаева да бар. 15 жылдан кейін сәбилі болған ол қос қуаныштың қатар келгеніне риза екенін жеткізді.

«Отбасымызбен көптен күткен сәбиіміз 20 миллионыншы болып туылған балалардың қатарында болғаны біз үшін қос қуаныш болды. Жұбайым да, өзім де медицина саласында қызмет етеміз. Әр баланың аман-сау дүниеге келуіне кәсіби білікті дәрігерлердің көмегі зор. Ақ халаттыларға алғыс айта отырып, халқымызды 20 миллион болуымен құттықтаймын», - деді Әлия Мусаева.

Іс-шара соңында 14 қарашада туылған нәрестелерге сыйлықтар табысталды.