Ақтауда 29 мәдени іс-шара өтеді – ТҮРКСОЙ ұйымының бас хатшысы Сұлтан Раев
АҚТАУ. KAZINFORM – «Ақтау – Түркі әлемінің мәдени астанасы» жылының ашылу салтанатына арнайы келген ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының бас хатшысы Сұлтан Раев күзге дейін аймақта ауқымды жиындар мен конференциялар өтетінін мәлімдеді.
– Ақтаудың Түркі әлемінің мәдени астанасы мәртебесін алуы тектен тек емес. Бұл қала тарихи және мәдени мұраларға бай, Қазақстанның рухани орталықтарының бірі саналады. Каспий теңізінің жағалауында орналасқаны өз алдына бір бөлек әңгіме. Осы ретте Каспий бірнеше елді біріктіретін маңызды су айдыны екенін ескергеніміз жөн. Осы себептерге байланысты 2025 жылы «Ақтау – Түркі әлемінің мәдени астанасы» ретінде таңдалды. Театр, кино, классикалық өнерден бастап, халықтық және бейнелеу өнеріне дейінгі кең ауқымды қамтитын 29 мәдени іс-шараны өткізуді жоспарлап отырмыз, - дейді ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының бас хатшысы Сұлтан Раев.
Оның сөзінше, «Ақтау – Түркі әлемінің мәдени астанасы» жылының ашылу салтанатына аса мән беріліп жатыр. Аталған іс-шараға түркітілдес елдердің 1 400-ге жуық мәдениет қайраткері қатысады. Сонымен қатар шығыс елдерінің 400-ден астам өнерпазы өнер көрсетеді.
Айта кетейік, бұған дейін Ақтауда 25 мың адам жиналатын ғаламат шоу өтетіні туралы жазған болатынбыз.
Сонымен қатар Ақтаудағы концертте Димаш Құдайберген өнер көрсететінін хабарлаған едік.