Ақтауда 30 мыңға жуық тұрғын салық төлемей жүр

АҚТАУ. ҚазАқпарат - Ақтаулық тұрғындардың мемлекет алдындағы берешегі 103 миллион теңгеден асқан. Қазіргі таңда жеке тұлғаларға қарызын өтеу үшін 30 жұмыс күні көлемінде уақыт берілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бұл туралы қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте Маңғыстау облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің басқарма басшысы Мадина Жақанқызы айтты.

Спикердің айтуынша, жалпы Ақтау қаласында 30 мыңға жуық тұрғын салық төлемей жүр.

Егер 30 жұмыс күнінің ішінде тұрғындар қарызын толық өтемейтін болса, мемлекеттік органнан салық бұйрығы дайындалып жеке сот орындаушысына жіберіледі.

Іс жеке сот орындаушысына түскеннен кейін, қарыз сома толық өтелгенше салықтан жалтарушының барлық шоттары бұғатталады.

Сондай-ақ, жалпы қарыз сомасынан 25 пайыз көлемде жеке сот орындаушысының қызметі үшін де қаржы төлейді.

- Әр жылдың 15 ақпанынан кешіктірілмей азаматтарға арналған үкімет мемлекеттік корпорациясының берген мәліметімен азаматтардың мүлігі есептеледі. Соған сәйкес, атына мүлік тіркелген тұлғалар сол жылдың 1 қазанынан кешіктірмей салық төлеуі тиіс, - дейді Мадина Жақанқызы.

Брифингте сөз алған Ақтау қалалық мемлекеттік кірістер басқармасының дара кәсіпкерлерді және жеке тұлғаларды әкімшілендіру бөлімінің басшысы Азамат Сагидуллаев өз кезегінде қандай тұлғалар мүлiк салығынан босатылатынын айтып өтті.

Мүлік салығын төлеуде босатылатын жеке тұлғалар:

- Кеңес Одағының батырлары, Социалистiк Еңбек Ерлерi, «Халық қаhарманы», «Қазақстанның Еңбек Ері» атақтарына ие болған, үш дәрежелi «Даңқ» орденiмен және «Отан» орденiмен наградталған адамдар, «Батыр ана» атағына ие болған, «Алтын алқа» алқасымен наградталған көп балалы аналар, бөлек тұратын зейнеткерлер – меншік құқығында барлық салық салу объектісінің жалпы құнынан тиісті қаржы жылының 1 қаңтарында қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің 1000 айлық есептік көрсеткіш көлемінде жеңілдік ала алады.

-Сондай-ақ, Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектері және жеңілдіктер мен кепілдіктер бойынша оларға теңестірілген адамдар, Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегі мен мінсіз әскери қызметі үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерімен және медальдарымен наградталған адамдар, 1941 жылғы 22 маусым – 1945 жылғы 9 мамыр аралығында кемінде алты ай жұмыс істеген (қызмет өткерген) және Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегі мен мінсіз әскери қызметі үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерімен және медальдарымен наградталмаған адамдар, мүгедектер – меншік құқығында барлық салық салу объектісінің жалпы құнынан тиісті қаржы жылының 1 қаңтарында қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің 1500 еселенген мөлшері шегінде жеңілдік ала алады, - деді Азамат Сагидуллаев.