Ақтауда 300 адам жаппай жаттығуға шықты

АҚТАУ. ҚазАқпарат - Ақтау қаласының 15-шағынауданының жағалауында 300-ге жуық спортшы жаппай жаттығуға  және спорттық биге жиналды. Одан кейін спортты дамытудағы үлестері үшін үздік спортшылар мен бапкерлерді марапаттау рәсімі өтті, деп хабарлады «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Атап айтқанда, 5 адам ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің «Спортты дамытуға қосқан үлесі үшін» төс  белгісімен, 4 адам Маңғыстау облысы дене шынықтыру және спорт басқармасының  алғыс хатымен, 30 - Ақтау қаласының әкімі Серікбай Тұрұмовтың  алғыс хатымен марапатталды.  Олардың арасынан Вячеслав   Чехоевты, Мұса Салиховты, Сергей Пахомовты атап өтуге болады. Спортшыларды Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Мақсат Ысқақов құттықтап, марапаттады.

Одан әрі спорттың 5 түрі бойынша жарыстар және 6 түрі бойынша көрнекі өнер көрсетулер өтті. Оның ішінде «РАЙ» әлеуметтік шұғыл көмек қызметінің «Үміт үйі» дағдарыс орталығындағы әйелдер мен балаларға арналған тимбилдинг өтті. Оны әкімнің алғыс хатына ие болған Валентина Зайцева  мен дағдарыс орталығының заңгері Александр Фокин өткізді.