Ақтауда 4 адам суға батып кетті
АҚТАУ. KAZINFORM – Қайғылы оқиғалар 26, 27 шілде күндері демалыс орындарының аумағында болған. Маңғыстау облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, бірінші оқиға 26-шілдеде 21-25 те Ақтау қаласынан 48 шақырым жердегі «O'Mir Glamping» демалыс базасында тіркелген.
— Оқиға орнына келгенде екі ер адамның мерт болғанын көрдік. Олар суға батып бара жатқан қыздарды құтқарған. Қыздардың жағдайы қалыпты. Алайда, екі ер адам өздері теңізге батып кеткен. 1986 жылғы ер адамның денесі жағалаудан 10 метр жерде судан шығарылды. Екінші марқұмның денесі түнгі сағат 00-05 шамасында жағадан 10-15 метр жерден теңіз түбінен табылып, шығарылды, — делінген хабарламада.
Келесі күні 27-шілде күні аталған демалыс базасына жақын жерде тағы да қайғылы жағдай болып, 22 жастағы жігіт суға кеткен.
— Жедел құтқару жұмыстарына кірісіп, іздеу жұмыстары жүргізілді. Марқұмның денесі таңертең табылып, судан шығарылды, — делінген төтенше жағдайлар департаментінің хабарламасында.
Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің хабарлауынша, Құрық ауылы аумағындағы теңізден де ер адамның мәйіті табылған.
— 2025 жылғы 27 шілде күні сағат 20:00–де Қарақия ауданы, Құрық ауылынан 4 шақырым жердегі Каспий теңізінің «жабайы жағажай» аумағында 1987 жылы туған тұрғынның мәйіті судан табылып, жағаға шығарылды. Алдын ала мәлімет бойынша, марқұм туыстарымен бірге демалып жүріп, суға түсуге арналмаған орында шомылған. Шамамен сағат 19:25–те суға батып кеткен. Ер адамның алкогольдік мас күйде болғаны анықталды, — делінген хабарламада.
Бұған дейін, Маңғыстауда нөсер жаңбыр жауып, қарғын су жолды шайып кеткен болатын.