Ақтауда 418 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі

Фото: None
АҚТАУ. ҚазАқпарат - Биыл Ақтау қаласы бойынша 418 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 15% артық. Бұл туралы Ақтау қалалық құрылыс бөлімінің басшысы Қайрат Ақыбаев баспасөз мәслихатында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Былтыр қала бойынша жеке құрылыс компаниялары мен бюджеттен қаржыландырылған тұрғын үйлерді қоса алғанда 380 мың шаршы метр тұрғын үй берілген. Ал жыл басынан бері шаһарда 15 мың шаршы метр тұрғын үй қолданысқа енгізілді. 33-шағын ауданда «Аққу-1», «Аққу-2», «Аққу-3» тұрғын үй кешендері бой көтерді. Биыл аталған тұрғын үй кешенінің үшінші кезегін аяқтауға бюджеттен 3 млн 176 мың теңге бөлінді.

Қайрат Ақыбаевтың айтуынша, тұрғындар «Нұрлы жол» және «7-20-25» ипотекалық бағдарламасы аясында баспана ала алады. Бағдарлама аясында тұрғын үйлер биылғы желтоқсан айынан бастап салынбақ.

«670 пәтерлік тұрғын үйлер құрылысы жүргізілетін болады. Жыл аяғына дейін дәл сол сияқты тұрғын үйлер көтерілетін болады. Ол үйлер «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» арқылы үлестіріледі. Ал жалға берілетін тұрғын үйлердің құрылысы салынбайды. Ол болашақтың еншісінде», - дейді Ақтау қалалық құрылыс бөлімінің басшысы Қайрат Ақыбаев.

Соңғы жаңалықтар