Бүгінде Маңғыстау облысында соғысына қатысқан 22 ардагер және 928 тыл ардагері бар. Жеңісті жақындатқан майдангерлер Ақтау қаласында ұйымдастырылған мерекелік шарада төрден орын алып, айтулы күнді тойлауға арналған мейрамның қонағы болды.
Биыл Ұлы Жеңіске - 73 жыл. Қайғысы мен зілі - бейбіт өмірдің шырқын бұзып, қаншама адамның өмірін жалмаған зұлмат соғыстың аяқталып, Жеңіс туының желбіреген күні. Жанқияр ерліктің, еңселі елдіктің рухы өрлеген күн. Ерлік жалауы желбіреген шақ. Тәуелсіздік тұғырының берік, еліміздің гүлденуі осынау мерекенің жемісі. Маңғыстаулықтар Жеңіс күнін салтанатпен атап өтті.
Орталық көшеден Мәңгілік алау монументіне дейін қамтылған шарада ескерткішке гүл шоқтары қойылып, бір минут үнсіздік орын алды. Содан кейін қала тұрғындары мен қонақтарына «Ешкім де, ештеңе де ұмытылмайды» атты театрлық және концерттік бағдарлама ұсынылды. Салтанатты рәсімде Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов жиналған жұртшылықты Жеңістің 73 жылдық мерейтойымен құттықтады.
«Елбасымыз, Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Отан қорғаушылар күніне» арналған әскери парадта - «Қарулы Күштер - бұл қауіпсіздіктің басты кепілі, егемендіктің берік іргетасы және біздің Отанымыздың бейбітшілігі мен тыныштығы» деген болатын. Бүгінгі нақты қауіптерге, терроризмге және күтпеген әлемдік экономиканың қиындықтарына қарамастан, біз елдің тұрақтылығын бағалап, этникааралық бейбітшілік пен Қазақстан халқының бірлігін бағалауымыз керек. Сондай-ақ, біздің ардагерлеріміздің Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуы мен дамуына қосқан үлесінің зор екенін атап өткім келеді. Олардың ерен ерлігі мен көзсіз батырлығы біз үшін батылдық пен табандылықтың, борыш пен адалдықтың жарқын үлгісі болды. Маңғыстау облысының әрбір төртінші тұрғыны, яғни 6000-нан астам адам, Отанын қорғау үшін соғысқа шақыртылды. Олардың 4800-і шайқаста қаза тауып, із-түссіз жоғалды. Қазір біздің облыста 22 соғыс ардагері және 928 тыл еңбеккері бар. Олардың барлығы мемлекет қамқорлығында», - деді облыс әкімі Ералы Тоғжанов.
Шараға келген тыл ардагері Ақілгек Орақова сол жылдардың қиындығын айтып, мерекемен құттықтады.
«Жеңіс күні аға ұрпақтың ерлігін мәңгілік елде сақтауға арналған ең қастерлі мереке. Бұл аға буынның жан қияр ерлігі мен еселі еңбегінің жемісі. Қаһарман қайсарлықтың қас үлгісмін көрсеткен қайсар рух пен жалынды жігердің жемісі! Білектің күшімен, найзаның ұшыменен мына елді қорғап қалған азаматтардың қазіргі азаматтар соның жолын қусын. Еліміз аман болсын! Аман болайық! Балдардың денсаулығы мықты болсын!»,-деді.
Сонымен қатар, аймақ басшысы Жеңіс күнін тойлауға келе алмаған ардагерлер Фауджи Жалмұханова мен Василий Лазаренконың үйіне арнайы барып, мерекемен құттықтады. Сондай-ақ, облыс әкімі Екінші дүниежүзілік соғыстың 6 ардагеріне, 10 тыл қызметкеріне, 3 жауынгер-интернационалистке және Чернобыль АЭС апатының салдарын жоюға атсалысқан 3 азаматқа салтанатты түскі асқа шақырды.
Мерекеде аймақ басшысы Жаңаөзен қаласындағы ҰОС ардагерлерін де арнайы құттықтады.
Екінші Дүниежүзілік соғысқа қатысқан Кеңесбай Енсегеновке облыс әкімі Ералы Тоғжанов жаңа пәтер кілтін табыс етті. Ардагер II дәрежелі Отан соғысы ордені, «Еңбек ардагері» медалі, ІІ дәрежелі «Даңқ ордені» ордені, «Ерлігі үшін» медальдарымен марапатталған.