Ақтауда 600 млн теңгеге жуық заңсыз сатып алудың жолы кесілді

АСТАНА. KAZINFORM — Маңғыстауда бюджет қаражатын негізсіз жұмсау деректері әшкереленді, деп хабарлайды облыстық прокуратураның баспасөз қызметі.

Коллаж: Kazinform/ Canva

Маңғыстау облысының прокуратурасы сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнама талаптарын бұзу фактілерін анықтады.

— Атап айтқанда, Ақтау қалалық тұрғын-үй комуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы заңсыз бір көзден 592 млн тг мемлекеттік сатып алуды жүзеге асырған. Бұдан басқа, Ақтау қалалық құрылыс бөлімінің басшысы мен Бейнеу ауданы Тұрыш ауылының әкімі орындалмаған жұмыстар үшін 29,5 млн тг бюджет қаражатын төлеген. Прокуратура актісінің негізінде заң бұзушылықтар жойылды, — делінген хабарламада.

Сонымен қатар аталған лауазымды тұлғалар мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылықтары үшін, атқарып отырған лауазымдарына толық сәйкес еместігі туралы ескерту түріндегі жауаптылыққа тартылды.

Бұған дейін квазимемлекеттік сектордағы мемлекеттік сатып алу ережелеріне өзгеріс енгізілгенін жаздық.