Ақтауда 7-Қысқы Азиада алауының эстафетасы өтті

АҚТАУ. 17 Қаңтар. ҚазАқпарат /Анаргүл Жексембай/- Кеше Ақтау қаласында 7-Қысқы Азиада алауының эстафетасы өтті. Сағат күндізгі 12-де «Мәңгілік алау» монументінің жанында өткен шараға қала тұрғындары да қатысты.

Салтанатты түрде табыс етілген алауды маңғыстаулық спортшы Ердос Жаңабергенов қабылдап алды. Ердос бокстан әлем чемпионы, спорттан Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген шебері.

Қала көшелері бойымен алып өткен 60 адамнан тұратын алаугерлерді тұрғындар жол жиегінен қарсы алып отырды. Оларды қолдап қолпаштаған жастар қуанышты үнмен дауыстады. 200 метр қашықтықты жүгіріп өткендер арасында қала әкімі мен спортшылар, өнер адамдары да болды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, алау эстафетасы Қазақстанның барлық аймағындағы бұқаралық спорттың қарыштауына септігін тигізеді. Бұл шараның мақсаты - қысқы Азия ойындарына халық назарын аударту, барлық өңірдегі жұртшылыққа Эстафета алауын тамашалату арқылы олимпиада дәстүрін сақтау.

Эстафета Ақтау қаласының Астана алаңында мәресіне жетіп, мерекелік отшашу және концерттік бағдарламамен ұласты. Бүгін Эстафета Атырау облысында жалғасады.