Ақтауда «Ақ жол» партиясы Елбасы Жолдауын насихаттау мақсатында кеңейтілген отырыс өткізді

None
АҚТАУ. 10 cәуір. ҚазАқпарат  -  Ақтауда «Ақ жол» партиясы Елбасы Жолдауын насихаттау мақсатында кеңейтілген отырыс өткізді.

Жиынға «Ақ жол» демократиялық партиясының төрағасы, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты, фракция жетекшісі Азат Перуашев, партияның Орталық кеңесінің  аймақтық жұмысы бойынша хатшысы Талғат Ерғалиев  қатысты.

Отырысқа облыстағы белсенді қызмет  атқаратын саяси партиялар мен үкіметтік емес ұйымдардың төрағалары, ардагерлер мен студент жастар қатысты.

Партия төрағасы А.Перуашев жиналған партия активтерін биылғы сайлау науқанында жеткен жетістіктерімен, сонымен қатар партияның 10 жылдық мерейтойымен құттықтады. Елбасымыздың «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту - Қазақстан дамуының басты бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауын қолдау негізінде жаңа талап пен тапсырмаларды бірге орындауды мақсат ететіндіктерін жеткізді.

«Біздер жұмысымызды сөзбен емес, іспен көрсетуіміз керек. «Ақ жол» ажыратушы емес, біріктіруші мақсатқа қызмет ету керек. Біздің азаматтық ұстанымымыз бен Елбасы Жолдауының арасында ешқандай айырмашылықтар мен пікір қайшылықтары жоқ. Біз Елбасы Жолдауын қолдаймыз және барлық әріптестерімді Жолдауды іске асыруға шақырамын»,-  деді А.Перуашев.

Кеңесте А.Перуашев жиналғандардың сұрақтарына жауап беріп, ұсыныстарын қабылдады. Маңғыстау «Болашақ» институты студенттеріне салтанатты түрде партиялық билеттер тапсырылды. Сайлау науқанына белсене қатысқан партия активтеріне алғыс хаттар мен ҚР 20 жылдығына арналған медальдар табысталды.

Сондай-ақ, «Ақ жол» партиясының облыстық қоғамдық қабылдау бөлмесінің ашылғандығы хабардар етілді.