Ақтауда акция аясында балаларға арналған үш ойын алаңы салынды
21:09, 03 Сәуір 2012
АҚТАУ. 3 cәуір. ҚазАқпарат - Ақтау қаласында өткен акция аясында 4-інші, 5-інші және 6-ншы шағынаудандарындағы көпқабатты үйлердің аулаларында ойын алаңдары салынып, пайдалануға берілді.
«Қаражанбасмұнайгаз» АҚ-ның қаражатына салынған ойын алаңдарының ашылу салтанатына Ақтау қаласы әкімінің басшылығы, компания өкілдері мен тұрғындар келді.
Қала әкімінің орынбасары Марат Молдағұловтың айтуынша, Ақтау қаласындағы көпқабатты 150 тұрғын үйде балалардың ойын алаңдары жоқ. 2011 жылы 10 ойын алаңы салынған.
«Біз әрдайым болашағымыз - балалар үшін қолдан келгенше жағдай жасауға тырысамыз. Бүгін үш бірдей балалар алаңын бүлдіршіндерге сыйладық. Мұндай бағыттағы игі шаралар алдағы уақытта да жалғасын табады деп сенемін. Өйткені компания Маңғыстау ауданында үш спорт алаңын, Түпқарағанда үш ойын алаңын тапсыруды жоспарлауда», - дейді «Қаражанбасмұнай» АҚ қызметкері Әли Сахимов.