Ақтау қаласы прокуратурасының бастамасымен биыл алимент алушылардың пайдасына 134,8 млн теңге өндірілді.
Оның ішінде алимент бойынша борышкерлерден 2 пәтер, 1 жер учаскесі мен 3 автокөлігі тәркіленіп, берешек есебіне өндіріп алушыларға берілді.
Мысалы, жеке сот орындаушының берешекті анықтау туралы қаулысына сәйкес борышкердің берешек сомасы 37,8 млн теңге болған.
— Тексеру барысында борышкердің атында Toyotа Land Cruiser маркалы автокөлігі бар екені анықталды.
Жеке сот орындаушы аталған автокөлікті 25,5 млн теңгеге бағалап, берешекті өндіру мақсатында өндіріп алушының пайдасына берілді, — делінген хабарламада.
Ал басқа жағдайда, азаматтан берешек өндіру мақсатында 13,4 млн теңгеге бағаланған пәтердің үлесі өндіріп алушының пайдасына берілді.
Одан басқа, кірістерін жасырып, ата-аналық міндеттерін орындаудан жалтарған 46 борышкер әкімшілік жауаптылыққа тартылып, 11 борышкерге қатысты қылмыстық іс тіркелді.
Айта кетелік Жамбыл облысында 8,6 млн теңге алимент қарызы мүлікпен өтелген еді.