Ақтауда алты машина соқтығысып, 70 жастағы әже зардап шекті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ақтауда алты бірдей автомобильдің соқтығысуынан 70 жастағы әже зардап шекті, деп жазады Лада.

Жедел медициналық жәрдем стансысының мәлімдеуінше, түрлі жарақаттар алған әже жылдам ауруханаға жеткізілген.
Оқыс оқиға туралы шамамен сағат 14:50-де хабар келген.

Куәгердің айтуынша, Skoda жүргізушісі 13-ші ықшам ауданда, «Сулпак» дүкенінің маңында Toyota Camry-мен соқтығысып, соққының екпінімен жол шетіне шығып кетіп, автотұрақтағы машиналарға барып соғылған.

Апаттың салдарынан 70 жастағы әже зардап шекті. Дәрігерлердің айтуынша, бассүйек-ми зақымын алған әже облыстық аурухананың травматология бөліміне жеткізілген.

Сонымен қатар 13-ші ықшам аудандағы 17-үйдің алдында жол апаты болып, автомобильдердің бірінде отырған жолаушы зардап шеккен.