Ақтауда апатқа ұшыраған ұшақ бортында 69 адам болды – ТЖМ

АСТАНА. KAZINFORM – Еліміздің Төтенше жағдайлар министрлігі Ақтау маңында болған әуе апатына қатысты соңғы мәліметпен бөлісті.

Фото: Kazinform

- Алдын ала ақпарат бойынша ұшақ бортында 69 адам болған, оның 5-еуі – экипаж мүшесі. Оның ішінде 42 Әзірбайжан азаматы, 6 Қазақстан азаматы, 3 Қырғызстан азаматы және 16 РФ азаматы болған, - деді ТЖМ Төтенше жағдайларды жою департаменті апат-құтқару қызметтерінің күштері мен құралдары басқармасының бастығы Қайрат Жанаспаев.

Оның айтуынша, қазір оқиға орнында құтқару жұмыстары жалғасып жатыр. Құтқару жұмыстарына 701 жеке құрам және 82 бірлік техника жұмылдырылды.

- 28 адам ауруханаға жеткізілді, оның 2-еуі бала, - деп толықтырды министрлік өкілі.

Бұған дейін хабарлағанымыздай Ақтаудағы ұшақ апатына қатысты сотқа дейінгі тергеу басталды. 

Айта кетейік, ҚР Президентінің тапсырмасымен әуе апатына байланысты Мемлекеттік комиссия құрылды. 

Сондай-ақ, Маңғыстау облысының әкімі ұшақ апаты болған жерге барды. 

Апатқа ұшыраған ұшақ бортында Қазақстанның 6 азаматы болды. 

ҚР Көлік министрлігі мәлім еткендей, Әзербайжан тарапының алдын ала ақпараты бойынша, бортта 62 жолаушы мен 5 экипаж мүшесі болған.