Ақтауда атмосфералық ауаның ластанғаны анықталды
АҚТАУ. KAZINFORM – Ақтаулықтар 15 желтоқсан күні кешке бензин немесе газдың иісіне ұқсайтын ауадағы өткір иіске жаппай шағымданды. Маңғыстау облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, Ақтау қаласы мен Мұнайлы ауданының тұрғындарынан шағымдар түнгі сағат 21:50-ден бастап түскен.
- Ақтау қаласы мен Мұнайлы, Түпқараған, Маңғыстау, Бейнеу және Қарақия аудандарында өрт тіркелмеген. Жағдайды нақтылау үшін көршілес өңірлердің кезекші қызметтеріне, оның ішінде Ресей Федерациясының Астрахан облысы және Атырау облысының төтенше жағдайлар департаментіне сұраулар жіберілді. Ол жақтарда да жану ошақтары тіркелген жоқ, - делінген хабарламада.
Осы жағдайға байланысты Маңғыстау облыстық экология департаментінің қызметкерлері атмосфералық ауаны тексеріп, нәтижесінде жағымсыз иістің себебін анықтаған.
- Экология департаментінің зертханалық-талдамалы бақылау бөлімінің мамандары ағымдағы жылдың желтоқсан айының 15-16 күндері қала аумағынан және жақын орналасқан елді-мекендерден атмосфералық ауаға мониторинг жұмыстарын жүргізді. Қала аумағында жағымсыз иіс анықталды. Жағымсыз иістің шығу ошағы өнеркәсіптік аймақ аумақтарында, соның ішінде Рекон базасы аумағында көміртегі оксидінен (СО) шекті рауалды концентрациядан асулар анықталды, - делінген хабарламада.
Экология департаментінің мамандарымен төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлерімен бірлесіп, өзге де өндірістік нысандарда тексеру жұмыстарын жалғастыруда.
Бұған дейін, Шымкентте тұрғындар жағымсыз иіске шағымданған болатын.