Альбрехт атындағы мүгедек балаларға арналған хирургия және протездеу ғылыми орталығының (Санкт-Петербург) балалар хирургі, ортопед-травматолог Андрей Кольцов өзінің ұстазы –профессор Игорь Шведовченконың қатысуымен шеберлік сабақ өткізді.
Аяқ-қолдарының дамуында түрлі ақауы бар, оның ішінде артрогрипоз, саусақтардың туабітті кемістігі: бір-біріне жабысып қалған немесе алшақ орналасқан, қолдардың қисық бітуі, тізе буыны, аяқ басының қисаюы сынды сырқатыр бар 1-16 жас аралығындағы балаларға ортопед-хирургтар операция жасады.
«Қол мен аяқ басының ортопедиялық ауруларын хирургиялық жолмен емдеу тәсілдері» деп аталатын шеберлік сабақ 22-26 қазан аралығында өтті. Соның төрт күнінде 19 балаға ота жасалды.
«Осындай шеберлік сабақтың әрқайсысы кәсіби деңгейді көтереді. Ғалымдардың тәжірибесі, олардың ашқан жаңалығы, операцияның жаңа әдістері – үнемі қажет», – деді хирург-травматолог Құрман Қайранов.
Операцияға Маңғыстау облысынан бөлек Орал, Алматы, Шымкент және тағы басқа қалалардан балалар келді.
Айта кетейік, игі іс «Жұлдызай» қайырымдылық қорының «Мүмкіндік» жобасы аясында ұйымдастырылды.