АҚТАУ. KAZINFORM – Ақтауда 7А шағынауданындағы барда болған атысқа қатысты сот үкімі шықты. Сотталушы бес жылға бас бостандығынан айырылды.
Маңғыстау облыстық прокуратурасының мәліметінше, сот ер адамды ҚР Қылмыстық кодексінің 293-бабының 3-бөлігімен (бұзақылық) кінәлі деп танып, бес жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындаған.
Еске салайық, Ақтауда шілденің 7-нен 8-не қараған түні «Чечил пабта» ер адам келушілердің бірінің бетіне «Аңшы сигналы» пиротехникалық құрылғысынан оқ атқан. Оқиға бардағы бейнебақылау камерасына түсіп қалған.
Бұған дейін, Ақтауда барда ер адамның бетіне оқ атқан күдіктінің ұсталғанын жазған болатынбыз.
Аягөз Ізбасарова
Ізбасарова Аягөз Оралбайқызы телевизия саласында 2003 жылдан бері жұмыс істейді. Еңбек жолын «Қазақстан» РТРК» АҚ Маңғыстау облыстық филиалы «Қазақстан-Ақтау» телеарнасында жүргізуші-редакторлықтан бастап, редактор, шеф-редактор қызметтерін атқарды. Соңғы 7 жылдан бері «Қазақстан» Ұлттық арнасының Маңғыстаудағы меншікті тілшісі. Ақпарат саласының үздігі. Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінде 2024 жылғы мамырдан бастап қызмет етеді.